Әкімдіктің мәліметінше, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Ақсай өзенінің суын сору және арнасын тазарту үшін 127 адам мен жеті бірлік техника жұмылдырылды. Жертөледегі су тартылды, арна лай мен қоқыстан тазартылды, ағыс қалпына келтірілді.
Жаңатұрмыс ауылындағы карьердегі жұмыстар
Жаңатұрмыс ауылындағы «Ақсай карьер» ЖШС аумағында жағалау шайылып, топырақ карьердің солтүстік-батыс бөлігіне қарай жылжыды. Өзен арнасы 280 метр учаскеде төрт метрге тереңдетіліп, бес метрге дейін кеңейтілді. 5600 текше метр топырақ шығарылып, ұзындығы 320 метр технологиялық жол салынды. Мұнда 90 адам және 29 бірлік техника жұмыс істеп жатыр.
Түрген өзеніндегі жағдай
Еңбекшіқазақ ауданында Түрген — Асы жолының 24- және 26-километрлерінде тастар құлады. Өзеннің арнасынан асуына байланысты трасса бойынша қозғалыс уақытша жабылды. Демалыс аймақтарындағы 17 юрта су астында қалды және бірнеше уақытша көпір зақымданды.
1 шілдеден бастап облыстың ТЖ департаменті әкімдіктермен бірге жедел штаб құрып, күшейтілген режимге көшті. Күн сайын орында 20-дан астам техника мен 60-тан астам қызметкер жұмыс істейді. Төрт күн ішінде 100-ден астам адам, оның ішінде туристер мен Асы үстіртіндегі шопандар эвакуацияланды. Тауға баруға шектеу қойылды, полиция бекеттері қойылды.
Әкімдікте елді мекендерді су басудан қорғауға қол жеткізілгені хабарланды. Түрген — Асы жолында ағаштар, бұталар және тастарды тазарту жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі жағдай
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, таулардағы жауын-шашынға байланысты қауіп сақталуда. Арналарды нығайту және инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, барлық қызметтер күшейтілген режимде қалып отыр.
Бұған дейін Ақсай өзеніндегі жұмыстар кезінде жергілікті су құбыры желісі зақымданған, Жаңатұрмыс ауылына су беру уақытша тоқтатылған еді.