Алматыдағы жеңіл рельсті көлік жобасы нақты жұмыстарға көшті. Техникалық-экономикалық негіздеме ақпанда аяқталды, қазір ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Желіні кім салады
Тапсырыс беруші – Алматы қалалық мобильділік басқармасы. Әкімнің Пекинге сапары кезінде қазақстандық «Integra Construction KZ» ЖШС және қытайлық CRRC компаниялары жобаны іске асыру және жылжымалы құрам жеткізу туралы меморандумға қол қойды.
«Integra Construction KZ» ЖШС 1998 жылы құрылған. Компания темір жолдар салады, автожолдарды жөндейді және ірі инфрақұрылымдық нысандармен айналысады. 2025 жылы ол бюджетке 22,7 млрд теңге салық аударды, ал 2026 жылдың басынан бастап – 16,4 млрд теңге.
Қанша қаражат бөлінді
Мәслихат сессиясында көлік жобаларының қаржыландырылуы нақтыланды. LRT желісін sалуға 61,4 млрд теңге бағытталды. Ұзындығы 18,3 шақырым болатын бірінші кезеңді 2027 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарлануда. Бұл туралы Алматы экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов хабарлады.
Маршрут және дайындық
Депо Алатау ауданында Фариза Оңғарсынова, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің арасында орналасады. Желісі Момышұлы көшесімен Төле биге дейін, одан әрі Абылай хан даңғылына және Алматы-2 теміржол вокзалына дейін өтеді.
Қазір қаладағы Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарында 270 жер учаскесі алып қойылуда.