Тараптар алдағы жылдардағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Тоқаев банк басшылығына ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, Қазақстан ЕҚДБ-нің негізгі серіктестерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.
Отыз жыл ішінде банк Қазақстанға 354 жоба аясында 11 млрд еуродан астам қаражат салды. Қазіргі уақытта ЕҚДБ портфелінде 3,1 млрд еуродан астам сомаға 131 жоба бар.
Рамалық келісім және реформалар
Тоқаев үкімет пен ЕҚДБ арасындағы серіктестік туралы рамалық келісімнің қол қойылуын құптады. Оның сөзінше, елде әртараптандырылған әрі технологиялық экономика құруға бағытталған ауқымды реформалар бағдарламасы жүргізіліп жатыр.
Ағымдағы жылға арналған инвестициялық жоспарлар
Одиль Рено-Бассо инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейін атап өтті. Қазірдің өзінде 1 млрд доллардан астам сомаға келісімдер жасалды. Дайындықтағы жобаларды ескергенде, биылғы жалпы инвестиция көлемі 1,3 млрд еуроға жетуі мүмкін — бұл банктің Қазақстандағы жұмыс тарихындағы рекордтық көрсеткіш болмақ.
ЕҚДБ инфрақұрылымды, көлікті, ирригацияны және энергетика саласын қолдауды жалғастыруды, сондай-ақ жеке секторға, шағын және орта бизнеске және стратегиялық маңызы бар шикізат материалдары саласындағы жобаларға назар аударуды көздеп отыр.
Әңгімелесушілер цифрландыру мен жасанды интеллект мәселелеріне бөлек тоқталды. Банк инновациялық экожүйені дамытуға және экономиканың цифрлық трансформациясына көмектесуге дайын.